Ақтөбе облысының 2016-2020 жылдарға арналған энергия үнемдеудің Аймақтық Кешенді жоспары туралы Ақпарат

«ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына енгізілген өзгертулер негізінде жергілікті мемлекеттік органдар құзырына энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз ету енгізілген.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының энергия үнемдеудің 2016-2020 жылдарға арналған Аймақтық Кешенді жоспары дайындалып, облыстың мәслихаттың 2016 жылғы 17 тамызындағы №57 шешімімен бекітлді. Кешенді жоспардың жобасы халық арасында энергия үнемдеу жөнінде насихаттау, энергия үнемдеу саласында кадр даярлау жұмыстарын жүргізу, энергия үнемдеу шараларын жүргізу, энергия үнемдеуді ынталандыру тетігін енгізу бойынша мәселелерді шешу үшін жергілікті мемлекеттік органдар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындары мен ұйымдары, облыстың бюджеттік мекемелерінің қызметтерін үйлестіру мақсатында дайындалды.
Кешенді жоспар «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы » ҚР 2012 жылғы 13 қаңтардағы №541-IV Заңына сәйкес дайындалды және Ақтөбе облысында энергияны үнемдеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың басым бағыттарын айқындайды.
Аймақтық кешенді жоспар 7 бағыттан тұрады:
1. Энергия тиімді өнеркәсіптік кәсіпорын;
2. Инновациялық энергетика;
3. Энергия тиімді қоғам;
4. Энергия тиімді бюджеттік сала;
5. Энергия тиімді құрылыс;
6. Энергия тиімді жарықтандыру;
7. Үнемді төлем.
Бірінші бағыт – энергия кәсіпорындарының қайта жөндеу, күрделі жөндеу, бар қондырғыларды ауыстыру, жаңа қондырғылар мен құрылғыларды сатып алу бойынша техникалық іс-шараларын өткізу, өнеркәсіп кәсіпорындарында негізгі және қосалқы жабдықтарды жаңғырту, сонымен қатар мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің энергоаудит өткізілуіне ықпал ету.
Ақтөбе облысының энергия үнемдеу саясатының екінші бағыт инновациялық энергетика болып табылады, яғни энергетика және жылу энергетикасы секторындағы негізгі және қосалқы жабдықтарды жаңарту және реконструкциялау, сондай-ақ энергия үнемдеу іс-шараларын жүргізу, электр энергиясын тасымалдау барысында аз жүктелген магистральды желілерді және шығыны көп желілерді резервке шығару жолдары арқылы энергетикалық ресурстар шығынын азайту.
Үшінші бағыт – энергия үнемдеуді насихаттау бойынша іс-шаралар өткізу, энергия үнемдеу бойынша кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің іс-шаралар жоспарының жүзеге асырылуын тоқсан сайын мониторингілеу және тыңдау, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша әртүрлі конференциялар мен форумдар өткізу, мемлекеттік энергетикалық тізілімді құруда қолдау көрсету, аймақтық ЭСКО, МЖӘ жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру, қоғамдық көліктерді экологиялық көлік түрлеріне ауыстыру.
Төртінші бағыт – энергия тиімді бюджеттік сала (мектеп, ауруханалар мен балабақшалар) кезең-кезеңімен энергия аудитін өткізу, мемлекеттік мекемелерде энергияүнемдеуші шамдарды орнату, пластикалық шыныпакеттер орнату, әкімшілік ғимараттарын газдандыру, бюджеттік мекемелер автокөліктерін сұйытылған мұнай газына ауыстыру.
Бесінші бағыт – бәсекеге қабілетті, энергия үнемдейтін, ресурс үнемдейтін құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының өндірісін дамыту.
Алтыншы бағыт – қалалар мен аудан орталықтарындағы көше және парктік жарықтандыруды энергия үнемдейтін көше жарықтандыру шамдарын пайдалана отырып, автоматтандырылған және энергия тиімді жарықтандыруға жаңғырту, қала мен аудандарда көше жарықтандыруын қайта құру мәселесін пысықтау.1004,7 мың кВт/сағ электр энергиясын үнемдеу жоспарлануда.
Жетінші бағыт – тұтынушыларды жалпы үйдің жылу энергиясын есепке алу аспаптарымен 100% жарақтандыру жөніндегі мәселені пысықтау.
2016-2020 жылдар аралығындағы Аймақтық жоспар іс-шараларын жүзеге асыру үшін 42 170,9 млн.теңге, соның ішінде 41 101,9 млн.теңге жеке инвестициялар және кәсіпорындардың өзіндік қаражаты, 1 068,9 млн.теңге республикалық және жергілікті бюджет қаражаты.
Жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асырған жағдайда, энергия үнемдеу саласында 2020 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) энергия сыйымдылығын 25% - ға төмендету міндеті қойылған.
Аймақтық жоспардың жобасы ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен келісілген.