«Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы» ММ 2016 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыстары туралы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында, басқарманың қызметшілері арасында ұжымдық талқылау, сыбайлас жемқорлық көріністерін жасауға жол бермеу және ондай әрекеттер үшін жауапкершілікті түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Мәселен, 2016 ж. басқарма қызметшілерінің қатысуымен барлығы 5 отырыс өткізілді. Оның ішінде: басқармада – 3 отырыс, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен – 2 семинар өткізілді.
Басқарма ішінде: 2016 ж. 11 маусымда «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы»; 2016 ж. 13 маусымда «ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «ҚР мемлекеттік қызметі туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңдары және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері туралы»; 2016 ж. 9 желтоқсанда «9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай түсіндіру жұмыстары» жөнінде отырыстар; ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен 2016 ж. 30 қыркүйекте ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «ҚР мемлекеттік қызметі туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңдарын және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі бойынша түсіндіру»; 2016 ж. 22 маусымда «ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру мақсатында өтетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу» жөнінде семинарлар өткізілді.
2016 ж. энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша 346 өтініш келіп түсті, оның ішінде: жеке тұлғалардан тұрғын-үйге қатысты – 214, заңды тұлғалардан газбен жабдықтау және электроэнергия мәселелері бойынша – 97, ұжымдық - жарық, канализация, кондоминиум мәселелері бойынша – 35. 2015 ж. салыстырғанда, 2016 ж. келіп түскен өтініштердің саны 69 өтінішке азайды.
Басқарманың бекітілген кестесіне сәйкес, басқарма басшысымен әр сәрсенбі сайын, басшы орынбасарларымен күн сайын азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізілді. Қолжетімді жерде жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен хаттарына арналған пошталық жәшік орнатылған. Сонымен бірге, 2016 ж. облыс әкімімен бекітілген «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының Қоғамдық қабылдауында облыстық басқарма басшыларымен азаматтарды қабылдау кестесіне сәйкес, азаматтарды қабылдау тоқсан сайын өткізілді. Аталған шараға басқарма басшылығы да қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамалары бойынша заң бұзушылық фактілері анықталған жағдайда хабарлау үшін басқарманың 411-901 «Сенім телефоны» тұрақты жұмыс жасайды. Осы күнге дейін басқарма қызметіне қатысты және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз қылықтары жөнінде азаматтардан келіп түскен ұсыныстар мен шағымдар болған жоқ.
Басқармамен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылған жұмыстары туралы есебіне кезеңдік талдау жүргізіліп, қорытыңдылып тұрады. Тоқсан сайын мемлекеттік қызметшілер жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылықтар бойынша ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасымен бірлесіп басқарма салыстыру жұмыстарын жүргізеді. Есептік кезеңде қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылық фактілері анықталмады.
Халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы құқықтық ақпаратқа барынша қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында, басқарманың интернет-ресурсы тұрақты жұмыс жасайды. Сайт ҚР «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының талаптарына сәйкес рәсімделген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бөлімін алатын болсақ, бұл бөлім қажеттілігіне орай жаңартылып тұрады. Сонымен бірге «Халықпен жұмыс істеу» бөлімінде сыбайлас жемқорлық фактілері және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтармен кездескен жағдайдағы азаматтардың құқықтары, азаматтарды қабылдау тәртібі мен кестесі орнатылған. Сайтқа кіруші басқарма басшысына сұрақ қойып, жауабын алуға мүмкіндігі бар.
Бүгінгі күні басқармамен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жоқ. Алайда, облыс әкімдігінің 2016 жылғы 11 тамыздағы № 331 қаулысына сәйкес «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» және «Мемлекеттік кәсіпорынның немесе мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйдің болуы (болмауы) туралы анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша басқарма регламент әзірлеуші болып табылады, ал қызмет көрсету Ақтөбе қаласының және облыс аудандарының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне жүктелген.
Нақты басқарманың қызметіне келетін болсақ.
КАДРЛЫҚ САЯСАТ
Бүгінгі күні басқарманың штаттық саны – 23 бірлік, нақты саны – 21 бірлікті құрап отыр. 2016 ж. 7 мемлекеттік қызметші өз еркілерімен жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар, есепті кезеңде бос және уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарды толықтыру мақсатында басқармамен барлығы 25 конкурс өткізілді. Оның ішінде: басқарманың мемлекеттік қызметшілері арасында – 11, барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында – 6, жалпы конкурс – 8. Конкурс нәтижесінде барлығы 14 адам қабылданды.
Есепті кезеңде Ақтөбе қ. мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығында барлығы 7 мемлекеттік қызметші оқытылды. Оның ішінде: қайта даярлау курстарында – 5, біліктілік арттыру курстарында – 2 мемлекеттік қызметші оқытылды.
2016 ж. басқарманың 13 мемлекеттік қызметшілеріне еңбек тәртіптері мен тиісті атқармаған міндеттеріне қатысты тәртіптік жазалар қолданылды. Оның ішінде: 10 ескерту, 3 сөгіс.
ҚАРЖЫ
2016 ж. басқармаға 6,9 млрд.теңге бөлінді, оның ішінде:
елді мекендерді газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындауға – 356,3 млн.теңге (30 жоба);
газ тасымалдау жүйелерін дамытуға – 175,4 млн.теңге;
облыстың сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға – 496,9 млн.теңге;
ауыз су беру қызметтері бойынша субсидиялауға – 93,9 млн.теңге;
«Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында несиелендіруге – 3,9 млрд.теңге;
басқа да нысаналы трансферттерге – 1,8 млрд.теңге.
Бөлінген қаржы тиімді және мақсатына сай жұмсалды. Жылдың қорытындысы бойынша басқарманың қаржы игерілуі - 99,8%-ды құрады.
ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ
Облыста газқұбырларының жалпы ұзындығы 5 352,6 шақырымды құрайды. Ақтөбе облысының 375 елдімекенінен 110 газдандырылған (облыстың елді мекендерінің жалпы санының 29,3%), немесе халық санымен 719 705 адамды құрайды (облыс халқының жалпы санының 86,7%).
2015 ж. салыстырғанда халықтың табиғи газбен жабдықталу үлесі 2,1% артты (84,6%-дан 86,7%-ға дейін).
2015-2016 жж. «ҚазТрансГаз» ҰК» АҚ-мен Меморандум аясында 19,9 млрд.теңгеге облыстың 10 елді мекені көгілдір отынмен қамтылды, оның ішінде 3 аудан орталығы – Ойыл, Комсомол және Ырғыз ауылдары.
2016 ж. облыстық бюджеттен 30 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 628,3 млн.теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді.
СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ
Облыстық су құбыры желісінің ұзындығы 3 537,5 шақырымды құрайды, олардың 1 356,6 шақырымы немесе 38,3% қайта жөндеуді талап етеді.
2016 ж. қорытындысы бойынша халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтау қолжетімділігі 90,6% құрайды. Қалалық елдімекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігі 100% (8 қала), ауылдық елдімекендерде (АЕМ) – 45% (163 АЕМ) құрайды, 201 (53,9%) орталықтандырылмаған сумен жабдықтауды, 3 (0,8%) – тасып әкелінетін суды (Байғанин ауданы Қазақстан және Ырғыз ауданы Нұра, Мамыр ауылдары) пайдаланады.
2016 ж. «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың Қазақстандық орталығы» АҚ арқылы Ақтөбе облысын сумен жабдықтау бойынша 4,0 млрд.теңге сомасына 12 жоба жүзеге асырылды.
Жобаларды іске асыру сумен жабдықтау желілерінің тозуын 6,7%-ға (45%-дан 38,3%-ға дейін), су бұру желілерінің тозуын 3,4%-ға (62%-дан 58,6%-ға дейін) төмендетуге, сондай-ақ 2 606 адамды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2016 ж. «Қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метрді құрайтын Ақтөбе қаласының кәріз-тазарту ғимаратын жаңарту» жобасының техника экономикалық негіздемесін әзірлеуге 73,8 млн.теңге бөлінді. Негіздемені әзірлеу жұмыстары 2017 ж. қаңтар айында аяқталып, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ
Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 419,7 шақырымды құрайды (тозуы – 35,5%). Жылу өндіретін кәсіпорындармен жылу 1 724 Гкал жылу энергиясы өндіріледі, ал тұтынылатын қажеттілік 1 404 Гкал құрайды.
2016 ж. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Алға ауданы Алға қаласының орталық жылыту қазандығын жаңғыртуға (энергия үнемдеу қазандарын орналастыру) жалпы сомасы 276,5 млн. теңгеге жобаны іске асыру басталды. Нысан 2017 ж. ауыспалы болып табылады.
Сонымен қатар, 11 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 42,6 млн.теңге бөлінді.
Ақтөбе қаласының жылу жүйесін жаңарту мақсатында 2017-2018 жж. 11 жобаны іске асыру үшін «Трансэнерго» АҚ мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің арасында 3,1 млрд. теңгеге несиелік шарт жасалды.
Бүгінгі күнге «Трансэнерго» АҚ-мен «Қазжылуэнергомонтаж» ӨС жалпы ұзындығы 2,0 км Әлжан ауданындағы жылу желілерін қайта жаңғыртуға келісім шарт жасалды. Жүзеге асыру мерзімі 04.12.2017ж. дейін.
2017 ж. қаңтар айының соңына дейін 5 қазандықты (№10, 12, 15 орта мектептері, Кірпішті, Құрашасай) қайта жаңғырту мен жаңартуға конкурс жарияланатын болады.
Қалған жобалар бойынша тендерлік құжаттама және техникалық тапсырмалар дайындалуда және конкурстар 2017 ж. бірінші тоқсанында жарияланады.
2016-2017 ЖЖ. ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНЫҢ ӨТУ БАРЫСЫ
2016-2017 жж. жылу беру маусымына тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика нысандарын дайындау, сондай-ақ бюджеттік ұйымдар үшін отын дайындау бойынша жұмыстар бекітілген іс-шараларға сәйкес орындалды. Кәсіпорындардың өз қаражаты және жергілікті бюджет есебінен коммуналдық инфрақұрылым нысандарын дайындау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 9,6 млрд.теңге құрайды, оның ішінде 1,2 млрд.теңге – нормативті отын қорымен қамтуға бөлінді.
Жылу беру маусымының үздіксіз өтуіне қажетті қатты отын 42 104 тонна және сұйық отын 5 825 тонна толығымен тасылды.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес облыста 1 775 нысан, 251 шақырым жылу желілері, 162 шақырым электр желілері, 300 шақырым сумен қамту желілері, 27,9 шақырым газбен жабдықтау желілері, 445 қазандық толығымен жөнделді.
Бүгінгі күнге энергоресурстар үшін мерзімі өткен кредиторлық берешек 36,4 млн.теңгені, мерзімі өткен дебиторлық берешек 581,2 млн.теңгені құрайды. 2016 ж. осы кезеңімен салыстырғанда 44%-ға төмен.
Сонымен қатар, облыстың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе облыстың ірі энергетикалық кәсіпорындарында мейрам және демалыс күндері жауапты тұлғалардан кезекшілік кестелері ұйымдастырылуда және кәсіпорындарда еңбек пен өндіріс тәртібінің сақталуы басты назарда.
Жалпы жылу беру маусымы штатты режимде өтуде. Жылу беру маусымының өту барысы жергілікті атқарушы органдардың тікелей бақылауында.
ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ
Облыс бойынша электр тасымалдауыш желілерінің жалпы ұзындығы - 17 371 шақырым, оның ішінде «Энергосистема» ЖШС АЭК - 14 798,62 шақырым, «KEGOK» АҚ - 439,4 шақырым, «Батыс Транзит» АҚ - 440,2 шақырым, «МК КТЖ» - 1661,3 шақырым. Облыстың электр энергетикалық кәсіпорындарының негізгі қорының тозуы шамамен 61% немесе 10 мың шақырымды құрайды.
2016 ж. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өзіндік есебінен инвестициялық көлемі 22,5 млрд. теңгеге, қуаты 160 МВт газ турбиналы электр станцияны кеңейту қолдануға енгізілді және Ақтөбе облысының әкімдігімен мемлекеттік-жекешелік әріптестігі шеңберінде «Ақтөбе қаласының көше жарықтандырылуын жаңғырту» жобасын жүзеге асыруға бастамашылық етті.
«Батыс Транзит» АҚ аталған жобаның тұжырымдамасын дайындады. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласының әкімдігі ұсынылған тұжырымдаманы қарастыруда.
2018-2019 жж. аралығында республикалық бюджет қаражатынан электрмен жабдықтау бойынша екі жобаны жүзеге асыру қарастырылған:
- Ақтөбе қаласында «Ақжар-2» ПС 220/110/35/10 кВ кеңейту;
- Ақтөбе қаласында «Ақтөбе-Сити» тұрғын алқабы үшін ПС 110/10 кВ «Восточная» құрылысымен ВЛ-110 кВ электрмен жабдықтаудың алаңнан тыс желілерін салу бойынша бюджеттік өтінім ұсынылды.